1
Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шәксіз Алла (Т.) сендерді бақылаушы.
2
Жетімдердің малдарын беріңдер, жаманды жақсымен алмастырмаңдар; олардың малдарын өз малдарыңа қосып жемеңдер. Өйткені ол, күнә.
3
Егер (үйленгенде) жетім әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға жақынырағы осы.
4
Әйелдердің мәһерін (қалыңын) ықыласпен беріңдер. Сонда егер әйелдер өз көңілдерінше, сендерге мәһерден бір нәрсе кеңшілік етсе, онда оны жеңдер; сіңімді, жүрімді болсын.
5
Және Алланың сендерді басына тұрғызған малдарды ақылсыздарға бермеңдер. (Жетімнің малын ақылдары толмай өздеріне тапсырмаңдар.) Оларды көректендіріп, киіндіріңдер де, оларға сыпайы сөз сөйлеңдер.
6
Жетімдерді үйлену шағына жеткенше сынаңдар. Сонда егер олардан бір естиярлық көрсеңдер, дереу олардың малдарын өздеріне беріңдер. Сондай-ақ олардың ержетуінен қорқып, ысыраптап, тездетіп жемеңдер. Ал және біреу бай болса, онда тартынсын да, біреу жарлы болса, онда да орнымен жесін. Қашан олардың малдарын өздеріне тапсырсаңдар, оларға айғақ қойыңдар. Алла (Т.) есеп көруде жеткілікті.
7
Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен еркектерге де үлес бар. Әке- шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен әйелдерге де үлес бар. Аз немесе көп болса да, одан өлшеулі несібе бар.
8
Бөліс кезінде ағайындар, жетімдер және міскіндер келсе, онда оларды құр тастамай бір нәрсе беріңдер де, өздеріне сыпайы сөз сөйлеңдер.
9
Арттарында нашар (жас) балалар қалдырса, оларға не болар екен деп уайым жесін. Алладан қорықсын да, дұрысын айтсын.
10
Негізінен сондай жетімдердің малдарын зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын от пен толтырған болады. Сондай-ақ жалындаған тозаққа кіреді.
11
Алла сендерге, балаларың жайында; бір еркекке екі әйелдің мирасындай үлес бұйырады. Егер әйелдер екінің үстінде болса, онда қалған малдың үштен екісі олардікі. Ал егер жалғыз қыз болса, онда жартысы онікі. Өліктің баласы болса, әке-шешесіне қалған малдың алтыдан бірі тиеді. Егер баласы болмай оның мұрагері әке-шешесі ғана болмай, онда шешесіне үштен бірі тиеді. Егер өліктің туыстары болса, онда шешесіне алтыдан бірі тиеді. (Бұлар) етілген өсиет және борыш өтелгеннен кейін орындалады. Сендер әкелеріңмен ұлдарыңның пайда тұрғысынан қайсысы жақын екенін білмейсіңдер. Бұл үкімдер, Алла тарапынан бекітілген. Күдіксіз Алла, терең білім, хикмет иесі.
12
Сендерге баласы болмаған жұбайларыңның қалдырған нәрселерінің жартысы тиеді. Ал егер олардың баласы болса, олардың қалдырған нәрселерінің сендерге төрттен бірі тиеді; олардың өсиеті және борышы өтелгеннен кейін. Егер сендерде бала болмағанда, қалдырған нәрселеріңнің оларға төрттен бірі, сендерде бала болса, оларға сегізден бірі тиеді; өсиеттерің және борыш өтелгеннен кейін. Ал егер мирас алынатын әке-шешесіз және баласыз (кәлала) ер немесе әйелдің бір еркек яки қыз туысы болса, онда әрбіріне алтыдан бірі, олар бірден көп болса, сонда олар үштен біріне ортақ болады; өсиет және борыш өтелгеннен кейін. Өсиет, зиянсыз болу керек, Алланың нұсқауы осы. Алла (Т.) әр нәрсені білуші, өте жұмсақ.
13
Бұлар Алланың қойған шектері. Кім Аллаға және Елшісіне бой ұсынса, астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы.
14
Ал кім Аллаға, Елшісіне қарсы келіп Оның шектерінен шықса, ол, ішінде мүлде қалатын отқа кіргізіледі. Оған қорлаушы азап бар.
15
Сондай әйелдеріңнен зина қылғандар, оларға өздеріңнен төрт айғақ келтіріңдер, егер олар айғақ болса. Онда оларды өлгенге дейін не Алла бір жол қойғанға шейін үйлерде қамаңдар…
16
Сендерден арсыздық істеген екеуіне де жапа беріңдер. Егер екеуі де тәубе етіп, түзелсе, олардан бет бұрыңдар. (тиіспеңдер.) Негізінен Алла, тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді.
17
Шын мәнінде Аллаға (сыйымды) тәубе, жамандықты білмей істеп сонсоң дереу тәубе етсе, сонда олардың тәубесін Алла қабылдайды. Алла әр нәрсені білуші хикмет иесі.
18
Ал жамандықты өздеріне өлім келгенге дейін істеп: “Енді шынайы тәубе қылдым” деген және қарсы болған бойда өлгендердің тәубесі қабыл емес. Міне солар үшін күйзелтуші азап әзірледік.
19
Әй мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін.
20
Егер бір жұбайды (ажыратып) орнына басқа жұбай алғыларың келсе, оған толып жатқан мәһер берген болсаңдар да, одан еш нәрсе алмаңдар. Оған жала қойып, ашық күнәлы болып аласыңдар ма?
21
Олар сендерден ауыр серт алып, (некеленіп,) бір-біріңе қосылған едіңдер.
22
Әйелдерден әкелерің үйленгендерді үйленбеңдер. Бірақ өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол.
23
Сендерге аналарың, (әке-шешелеріңнің аналары) қыздарың, (Ұл-қыздарыңның қыздары,) қыз туыстарың, (әке-шеше бір не бөлек,) әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек және қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары,) сүт емізген аналарың, еміскен қыз туыстарың, қайын аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрыңғы ерінен болған) қолдарыңдағы өгей қыздарың, егер ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысты бірге үйленулерің арам қылынды. Бірақ өткен өтті. Негізінен Алла (Т.) тым жарылқаушы ерекше мейірімді.
24
Некелі әйелдермен үйленулерің арам қылынды. Бірақ қолдарыңдағы күңдер (соғыс тұтқындары) басқа. Сендерге Алланың жазуы осы. Бұлардан басқаларды абыройлы болу, бой суытушы болмау шартымен малдарыңды беріп қалауларың (мәһер беріп алуларың) халал қылынды. Сонда олардан осы шартпен пайдалансаңдар, бекітілген мәһерін беріңдер. Мәһер тоқтасылғанан кейін ризалассаңдар, (еркек артық беріп, әйелдің аз алуы немесе тіпті алмауында) сендерге оқасы жоқ. Расында Алла толық білуші, хикмет иесі.
25
Сендерден біреудің, мүмін азат әйел алуға шамасы келмесе, онда қолдарыңдағы мүмін күңдерден алсын. Алла имандарыңды жақсы біледі. Бір-біріңненсіңдер. (Бәрің адам баласысыңдар.) Ендеше күңдерді қожайындарының рұқсатымен олардың мәһерлерін дұрыс беріп, абыройлы болулары, зинашы және астыртын көңілдес болмаулары шартымен алсын. Егер олар үйленіп алып, арсыздық істесе, онда оларға азат әйелдерге болатын жазаның жартысы орындалады. Бұл (күңді алу) сендерден зинадан қорыққан кісі үшін. Егер сабыр етсеңдер, өздерің үшін қайырлы. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді.
26
Алла (Т.) сендерге түсіндіруді және сендерді өздеріңнен бұрынғылардың тура жолдарына салуды сондай-ақ тәубелеріңді қабыл етуді қалайды. Алла толық білуші, хикмет иесі.
27
Алла (Т.) тәубелеріңді қабыл етуді қалайды. Сондай-ақ шаһуат қуғандар (жыныстық әуесқойлар) сендердің зор ауытқумен жолдан шығуларыңды қалайды.
28
Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды. Өйткені адам баласы нашар жаратылған.
29
Әй мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді.
30
Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай.
Sonraki 30 ayet →